Архивтік жарияланым
Қапшағайда букмекерлік кеңселер орналасатын орындар анықталды
ӨРҰ ұстанымын білдірмейтін сыртқы автордың не басылымның материалы. Дереккөз: Tengrinews.kz
Қапшағай қаласы әкімінің қаулы жобасында букмекерлік кеңселер мен тотализаторларды орналастыру үшін үш аумақ белгіленді, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
«Ашық НҚА» сайтында Қапшағай қаласы әкімінің «Қапшағай су қоймасының жағалауында орналасқан Қапшағай қаласында казино мен ойын автоматтары залдарын орналастыруға арналған аумақтарды айқындау туралы» қаулысына өзгерістер енгізу жөніндегі қаулы жобасы жарияланды. Жобада қалада казино мен ойын залдарынан бөлек, букмекерлік кеңселер мен тотализаторлар орналастырылатыны көрсетілген.
Қапшағай қаласында және су қоймасының жағалауында оларды орналастыру үшін үш аймақ белгіленді:
Бірінші аумақ – оңтүстік көлік айрығынан солтүстік бағытта Алматы – Талдықорған автомагистралінің батыс жағымен ені 400 метр, ұзындығы 1500 метр жолақ, сондай-ақ автомагистральдың шығыс жағында ені 600 метр, ұзындығы 1800 метр жолақ. Одан әрі кадастрлық нөмірі 03055007546 жер учаскесінің шекарасынан кадастрлық нөмірі 03055007342 жер учаскесінің шекарасына дейін теміржол көлігі жерлерімен шектелетін ені 400–600 метр жолақ. «Қара-Су» сайынан солтүстік көлік айрығына дейін ені 400 метр, ұзындығы 2000 метр жолақ; солтүстік көлік айрығынан автожол көпіріне дейін ені 200 метр, ұзындығы 1800 метр жолақ (ойын бизнесіне қатысы жоқ мақсаттарға арналған жерлерді қоспағанда).
Екінші аумақ – оңтүстік көлік айрығынан автовокзалға дейін теміржолдың бөлінген жолағы мен Алматы көшесінің аралығы (ойын бизнесіне қатысы жоқ мақсаттарға арналған жерлерді қоспағанда), сондай-ақ Қапшағайға кіретін теміржол өткелінен Сейфуллин көшесімен солтүстік бағыттағы аумақ. Сейфуллин көшесінің шығыс жағында «Рауан» шағынауданының кәріз-сорғы станциясына бұрылысқа дейін ені 300 метр, ұзындығы 3000 метр жолақ (ойын бизнесіне қатысы жоқ мақсаттарға арналған жерлерді қоспағанда). Одан әрі су қоймасының оңтүстік-батыс жағалауымен теміржол көпіріне дейінгі аумақ («Рауан» шағынауданы, мұнай базасы және өзен портының жерлерін қоспағанда). Сейфуллин көшесінің батыс жағында элеваторға дейін ені 300 метр, ұзындығы 3600 метр жолақ (ойын бизнесіне қатысы жоқ мақсаттарға арналған жерлерді қоспағанда).
Үшінші аумақ – Алматы – Талдықорған автомагистралінің автожол көпірінен бастап автомагистральдың шығыс жағында Қапшағай су қоймасының солтүстік жағалауын бойлай теміржол көпіріне дейін, ал автомагистральдың батыс жағында Алматы – Бақанас автожол айрығына дейін ені 50–500 метр жолақ (ойын бизнесіне қатысы жоқ мақсаттарға арналған жерлерді қоспағанда).
Құжат 21 шілдеге дейін талқылауда болады.
Еске сала кетейік, 2020 жылғы мамырда Мәжілісте «Ойын бизнесі мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылау барысында депутаттар букмекерлік кеңселерді Қапшағай мен Бурабайдағы ойын аймақтарына көшіру туралы шешім қабылдаған. Бастапқыда заң жобасында үш жаңа ойын аймағын құру көзделген еді, кейін бұл ұсыныстан бас тартылды.