Архивтік жарияланым
Үкіметте ойын бизнесі мен лотерея қызметін реттеу мәселелері талқыланды
21 сәуірде Үкіметте ойын бизнесі мен лотерея қызметін реттеу мәселелері талқыланды. Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов төрағалық еткен кеңеске уәкілетті мемлекеттік органдар мен Ұлттық Банк өкілдері қатысты.
Е. Тоғжанов Ставкаларды есепке алу орталығын Мәдениет және спорт министрлігінің базасында құру қажет екенін айтты. Сондай-ақ кеңес қорытындысы бойынша Премьер-Министрдің орынбасары мемлекеттік органдарға бірқатар тапсырма берді:
– Заңсыз ойын бизнесіне қарсы іс-қимыл жасауға және азаматтардың құмар ойындарға қатысуын азайтуға бағытталған бірлескен іс-қимыл жоспарын әзірлеу;
– Құмар ойындардың зияны туралы әлеуметтік бейнероликтер әзірлеп, тарату;
– Жұртшылық өкілдерін тарта отырып, заңсыз ойын орындарын анықтау бойынша рейдтер өткізу;
– Интернет-казино ұйымдастыратын тұлғалардың тізбесін айқындау;
– Банктер мен төлем жүйелеріне аталған тұлғалардың пайдасына қаржылық операциялар жүргізуге тыйым салу;
– Казинода, ойын автоматтары залдарында, букмекерлік кеңселер мен тотализаторларда кредиттік карталар арқылы төлем жасауға немесе шоттарды толықтыруға тыйым салу;
– Интернет-казино ұйымдастырғаны үшін жауапкершілік белгілеу;
– Құмар ойындарға тәуелді азаматтарды, оның ішінде балаларды анықтау және оңалту жүйесін әзірлеу.
Ералы Тоғжановтың интернет-казиноға қарсы күрес жөніндегі тапсырмаларына келсек, Букмекерлердің ӨРҰ-сы 2021 жылдың басынан бері заңсыз ойын ресурстарына қарсы ауқымды жұмыс жүргізіп келеді. Ұйымның күшімен офшорлық және заңсыз ресурстарға апаратын 250 сілтеме бұғатталды. Интернет-казинолар Қазақстан аумағында көбіне Android және iOS құрылғыларына арналған қолданбалар дүкендеріндегі ресми қолданбаларды бүркеніш етеді. Бұл оларды анықтау мен бұғаттауды қиындатады.
Құмар ойындарға тәуелді азаматтарға көмек көрсету және құмар ойындардың зиянын азайту үшін Букмекерлердің ӨРҰ мүшелері әлемдік ойын бизнесінің ірі өкілдері халықаралық тәжірибеде қолданатын «жауапты ойын» құралдарының бір бөлігін енгізді.
Букмекерлердің елеулі қаржылай қолдауы спорт клубтары мен федерацияларға дамудың қосымша мүмкіндіктерін ашты. Букмекерлік қауымдастықтардың қолдауы жасөспірімдер спорт академиялары мен юниорлар командаларын, жанкүйерлер инфрақұрылымы мен паралимпиадалық қозғалысты дамытуға ықпал етеді. Сондай-ақ клуб қызметкерлері мен негізгі ойыншылардың жалақысының өсуіне әсер етеді.
Ставкаларды есепке алу орталығын Мәдениет және спорт министрлігінің базасында құру орынды бастама. Бірақ оны мемлекет осы саланы кейін монополиялауы мүмкін жеке оператор компанияларды тартпай іске асырған жағдайда ғана. Қазақстан Президенті де бизнес өкілдерімен кездесуде осы мәселеге назар аударды. Қ. К. Тоқаев мемлекеттік-жекешелік әріптестікті қайта қарау қажеттігін және оның мемлекеттік сатып алу рәсімдерін айналып өту құралына айналғанын айтты. Кәсіпкерлік тәуекелдің бәрі бюджетке жүктеледі. Шектен тыс жеңілдіктер мен жоғары табыстылық негізсіз қамтамасыз етіледі.
Мақалада сайт материалдары пайдаланылды.