Жаңалықтар

Архивтік жарияланым

Грузия мен Қазақстан ойын бизнесі саласындағы ынтымақтастықты нығайтуда

· Күндер, лауазымдар мен атаулар жарияланған кездегі күйінде берілген.

3 шілдеде Тбилисиде Грузияның Ойын бизнесі қауымдастығы (GGA) мен Қазақстанның букмекерлік және лотерея бизнесінің өзін-өзі реттейтін ұйымы (ӨРҰ) ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Екі ұйымның басшылары Георгий Мамулаишвили мен Ғалымжан Дуамбеков екіжақты меморандумды ресми түрде бекітті. Қол қою рәсіміне Грузия мен Қазақстанның ойын бизнесін реттеуші органдарының өкілдері қатысты.

Өзара ынтымақтастықты кеңейту және тығыз байланысты нығайту мақсатында Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі мен Қаржылық мониторинг агенттігінің өкілдері Грузияға жұмыс сапарымен барды. Екі күндік сапарда Қазақстан делегациясы грузин қауымдастығына мүше компаниялармен кездесті.

Сонымен қатар Грузияның Ойын бизнесі қауымдастығы мен Қазақстан делегациясы Грузия үкіметінің өкілдерімен, соның ішінде Қаржы министрлігі мен Кірістер қызметінің жоғары лауазымды тұлғаларымен жұмыс кездесулерін өткізді.

Ынтымақтастық туралы меморандумның негізгі мақсаты – екі тарапқа да тиімді жобаларды іске асыру, жауапты ойын қағидаттарын ілгерілету және түрлі тетіктерді әзірлеу. Құжатқа қол қойған тараптар ойын индустриясына қатысты жобалар бойынша ынтымақтасуға және бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенін білдірді. Жұмыстың негізгі бағыты – Қазақстанда, Грузияда және жалпы өңірде іскерлік ортаны жақсарту. Меморандумда бірлескен конференциялар, дәрістер және білім беру іс-шараларын өткізу де көзделген.

Меморандум Қазақстанда өткен конференцияда туындаған өзара ынтымақтастыққа ұмтылыстың нәтижесі. Конференция спикерлерінің бірі Грузия қауымдастығының басшысы Георгий Мамулаишвили болған.

Меморандум Қазақстан мен Грузия қауымдастықтарының әріптестігіне, екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға және ортақ мүдделер мен мақсаттарға қол жеткізуге бағытталған. Құжат аясында ойын бизнесі операторларымен байланыс орнатып, ынтымақтасу, ортақ қағидаттар мен міндеттерді ілгерілету, құқық қорғау саласында бірлесіп жұмыс істеу, жауапты ойын жөніндегі білім беру шараларын қолдау, нарық операторларына арналған ұсынымдармен алмасу, ойын бизнесінің халықаралық нарығына қолайлы жағдай жасау және тәжірибе алмасу көзделген.

Грузияның Ойын бизнесі қауымдастығы әкімшілігінің басшысы Георгий Мамулаишвилидің айтуынша, меморандум екі елдің ынтымақтастығын нығайтуға септігін тигізеді. Құжат аясында қауымдастық өкілдерінің бір-біріне тұрақты сапармен баруы қолдау табады. Бұл салауатты іскерлік орта қалыптастырып, жауапты ойын тәжірибесін ұстануға көмектеседі.