Архивтік жарияланым
ҚР ҚМА мен букмекерлік қауымдастықтар кірістерді жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға бірлесіп қарсы іс-қимыл жасайды

Елордада ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі, «ҚР букмекерлік және лотерея бизнесінің өзін-өзі реттейтін ұйымы» қауымдастығы (заңды тұлғалар бірлестігі) және «Қазақстан букмекерлері қауымдастығы» арнайы құжатқа қол қойды. Құжат «Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласындағы ынтымақтастық пен өзара іс-қимыл туралы меморандум» деп аталады.
Іс-шараға төрағалық еткен ҚР ҚМА төрағасының бірінші орынбасары Ғабит Садырбеков қылмыстық кірістерді жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласында жеке сектор компанияларының уәкілетті органмен өзара іс-қимылы ерекше маңызды екенін атап өтті.
«Кірістерді жылыстатуға қарсы жүйенің не екеніне тоқталғым келеді. “ҚМА – уәкілетті орган, кірістерді жылыстатуға сол қарсы іс-қимыл жасай берсін” деген қате пікір бар. Шын мәнінде ақшаны жылыстатуға тұтас жүйе қарсы тұруы керек. Ол жүйеге біздің агенттік қана емес, қаржылық мониторингтің барлық субъектісі: банктер, ойын бизнесі, түрлі қаржы және төлем ұйымдары, орталық депозитарий де кіреді. Бұлар – қорғаныстың бірінші шебі», – деді спикер.
ҚР ҚМА-ның Қаржылық мониторинг субъектілерімен жұмыс жөніндегі басқармасының басшысы Ұлзана Сыздықова елдегі ойын бизнесі субъектілерінің осы салаға жауапты реттеуші органмен, яғни ҚР Мәдениет және спорт министрлігімен ашық өзара іс-қимыл жасауы ерекше маңызды екенін айтты. ҚМА өкілдерінің пікірінше, министрлік жүйесінде ішкі бақылау қағидаларына қойылатын талаптарды пысықтау қажет: мұндай қағидалар процестерді толық түсініп, түйткілдердің бәрін көруге мүмкіндік береді. Агенттік өз қызметінің толық ашық әрі заңды болуына мүдделі букмекерлік бизнестің адалдығы мен айқын азаматтық ұстанымын атап өтті.
Букмекерлік қауымдастықтардың өкілдері өз кезегінде Қаржылық мониторинг агенттігінің бастамаларын толық қолдайтынын білдірді. Сөз алғандар саланың жұмысы толық ашық болуы үшін бар күшін салып жатқанын айтты.
«Соңғы екі жылдағы бұл алғашқы кездесуіміз емес. Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылғанға дейін ауқымды жұмыс атқарылды. Букмекерлік кеңселер Қапшағай (қазіргі Қонаев) және Щучинск қалаларындағы арнайы бөлінген аймақтарда орналасқанымен, төлемдердің 99,9%-ға жуығын екінші деңгейдегі банктер мен төлем жүйелері арқылы, яғни қолма-қол ақшасыз жүргізеді. Осыған байланысты букмекерлік кеңселердің ақпараты екі мәрте өңделеді», – деді Қазақстан букмекерлері қауымдастығының төрағасы Арайлым Сағынтай.
Кездесуде бұл жұмыстың негізгі ұзақ мерзімді мақсаты шынайы құқықтық мемлекет құру және қоғам мен бизнестің азаматтық санасын жаңа деңгейге көтеру екені де айтылды. Бұл қазақстандықтарға қолайлы әрі қауіпсіз экономикалық жағдайда өмір сүруге мүмкіндік береді.
Одан кейін тараптар меморандумға қол қойды.