Архивтік жарияланым
Астанада ойын индустриясын реттеу жөніндегі халықаралық конференция өтті
Бұл жаңалықтың аудармасы жоқ (RU). Архив RU
19 сәуірде Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі Қазақстан Республикасы букмекерлерінің өзін-өзі реттейтін ұйымымен және 4H Agency консалтингтік компаниясымен бірлесіп «Ойын индустриясын реттеу: халықаралық тәжірибе және Қазақстан» тақырыбында халықаралық конференция ұйымдастырды.
Форумға Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі, Ішкі істер министрлігі, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, Қаржылық мониторинг агенттігі, Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, Ақмола облысының Кәсіпкерлік және туризм басқармасы, Алматы облысының Туризм басқармасы, 4H Agency халықаралық консалтингтік агенттігінің қызметкерлері, сондай-ақ ТМД-ның бірқатар еліндегі ойын индустриясын реттейтін мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.
Конференцияны Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев ашты. Ол құттықтау сөзінде конференцияның Қазақстанның ойын индустриясы үшін маңызына тоқталды. Оның айтуынша, мемлекет, ойын бизнесі өкілдері және халықаралық ұйымдар өзара тиімді жұмыс істеуі үшін саладағы өзекті мәселелердің бәрін егжей-тегжей талқылап, талдау қажет. Бизнеспен осылайша ынтымақтасу мемлекетке азаматтық қоғамның сұраныстарына тиімді жауап беруге мүмкіндік береді.
Еркінбаев Қазақстанда заңды құмар ойындар мен бәс тігу саласын дамытудың негізгі тұстарын және саланы мемлекеттік реттеу аясындағы құқық қолданудың қазіргі тәжірибесін атап өтті. Ол ойын бизнесінде заңнама талаптарын сақтау жөніндегі нормалар мен қағидаларды одан әрі жетілдіру, ақшаны жылыстатуға және нарықтың заңсыз қатысушыларының кірістерді заңдастыруына қарсы іс-қимыл жасау, салық режимін оңтайландыру, сондай-ақ осы салада Қазақстан азаматтарының құқықтары мен мүдделерін іске асыру жоспарлары туралы айтты.
«Қазақстанда заңды букмекерлермен күресудің қажеті жоқ. Оларды кәсіпкерлік субъектілері ретінде қарастырып, қызметін заң негізінде реттеу керек. Кез келген уәкілетті орган заңның іс жүзінде жұмыс істеуін көздеуі керек, заңды букмекерлермен күресуді емес. Бүгінгі конференциядағы мақсатымыз – әлемде кәсіби ойын бизнесі қалай жұмыс істейтінін, заңсыз букмекерлердің сайттары оның беделіне және тұтас салаға қалай зиян келтіретінін және дамыған елдерде жетекші букмекерлердің қалай қызмет ететінін мемлекеттік органдарға түсіндіру. Ойластырылмай қабылданған заңдардың қандай жағымсыз әрі қауіпті салдарға әкелетінін түсіну қажет. Осы ақпараттың бәрін мемлекеттік органдарға жеткізуге тырыстық», – деді Қазақстан Республикасы букмекерлерінің өзін-өзі реттейтін ұйымының басшысы Ғалымжан Дуамбеков.
Конференцияда ойын индустриясындағы компаниялар мен олардың қызметін тұтынушыларға ортақ өзекті мәселелер талқыланды. Дамыған елдерде ойын индустриясын реттеуші органдардың қызметінде қандай ерекшеліктер бар? 2023 жылы әр ел мен өңірде ойын бизнесі қалай реттеледі: лицензиялардың түрлері, операторларға лицензия беру тәртібі және елдерде қалыптасқан тәжірибе қандай? Мысалы, кәсіптің жекелеген түрлеріне толық тыйым салу, мемлекеттік монополия, саланың белгілі бір сегменттеріне немесе қызмет бағыттарына тыйым салу, нарықты толық ашу сияқты тәсілдер қарастырылды. Ойын индустриясы мен спорт саласы қалай ықпалдасады және букмекерлер елімізде әрі дамыған елдерде жоғары жетістіктер спортының дамуына қалай ықпал етеді? Неліктен барлық букмекердің сайтында «жауапты ойын» құралы болуы маңызды? Осы және басқа да мәселелер бойынша қазақстандық сарапшылар мен ТМД елдерінен келген қонақтар пікір алмасып, жекелеген мемлекеттер мен әлемдегі үрдістерді талқылады. Талқылаулар мазмұнды әрі қызықты өтті.
Конференцияда «Ойын индустриясы қатысушыларының өзара іс-қимылы», «Ойын индустриясын реттейтін еуропалық органдар қызметінің ерекшеліктері» және «Ойын индустриясының орнықты дамуы» тақырыптарында баяндамалар жасалды.